Жауынгер хаттарынан
Құйғытып аспан көгінде, Құлдырап құстай, сәлем хат. Жетші сен туған жеріме, Жеткізші менен аманат. Тайпақтан сонау тапшы іздеп, Майданшы солдат анасын. |
«Қарағым қашан қайтар»-деп, Сағынған шығар баласын... Адаспай баршы, сәлем хат, Ардақты Жайық бойына. Ұлдарын күтсін – аманат, Сайлансын Жеңіс тойына. |
Жұбан Молдағалиев
«Соғыстың үшбу хаттары» жинағы - жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеп, ерлікке жетелейтін, тәуелсіздігімізді сақтап қалатындай жалынды жастарды тәрбиелеуге пайдаланатын өзекті, құнды жинақ. Жас ұрпаққа 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысының Жеңісі қандай жолмен келгенін түсінуге, түйсінуге жинақтың көмектесуі сөзсіз.
Жұмыстың жаңашылдығы автор мен жас өлкетанушылар іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, интернет, мұрағаттар арқылы хат иелерін іздеп, қаза тапқан жерлерін, уақытын, жерленген жерлерін анықтауға қол жеткізуі.
Жинақтағы 75 жауынгердің 100-ден астам хатын жинақтауға облысымыздың барлық аудандары мен қала мектептері қатысты. Хаттар аудан бойынша топталып, көшірмесі берілді. Сандық түбінде қанша жылдар жатып, сарғайған, жазулары өше бастаған бұл жәдігерлердің мәтіні қағаз бетіне басылып, түпнұсқа суретімен берілген. Әр хаттың тарихына үңіліп, мазмұнына түсініктеме жазылып, хат иелерінің әскери шені мен марапаттары енгізілді. Соңғы жылдары 20 хатпен толықты. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының «Мұрагер» туристік-өлкетану үйірмесінің оқушылары (Орал қалалық №26 жалпы орта білім беретін мектебі) хаттарды іздеумен, компьютермен теріп және хат иелерін іздеумен жұмыстанды.